Азаматтық авиацияның ұшу қауіпсіздігіне тікелей байланысты авиация персоналының жұмыс уақыты режимінің ерекшеліктеріне сәйкес азаматтық авиацияның әуе кемесін пайдаланушы әуе кемелері экипаждары мүшелерінің жұмыс уақыты мен демалысын ұйымдастыру туралы ережені бекітуге құқылы.
Әуе қозғалысына қызмет көрсетумен тікелей байланысты авиация персоналының жұмыс уақыты режимінің ерекшеліктері әуе қозғалысын ұйымдастыру және оған қызмет көрсету жөніндегі нұсқаулықта айқындалады.
8. Авиация персоналының аса маңызды ұшуды орындауы мен қызмет көрсетуіне рұқсат ету Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметінің келісімі бойынша жүзеге асырылады.
9. 2013.04.07. № 132-V ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
2022.29.12. № 174-VІІ ҚР Заңымен 10-тармақ өзгертілді (2023 ж. 1 наурыздан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
10. Әуе кемесінің ұшуын орындаумен және қамтамасыз етумен және оларға техникалық қызмет көрсетумен, әуе қозғалысына қызмет көрсетумен байланысты адамдардың осындай қызметті алкогольден, есірткіден, уытқұмарлықтан (оларға ұқсас заттардан) масаң күйінде жүзеге асыруына немесе өз міндеттерін орындау процесінде осындай масаңдыққа ұшырататын заттарды пайдалануына тыйым салынады.
Психикалық белсенді заттарды тұтынатын (тұтынған) барлық куәлік иелері анықталады және ұшу қауіпсіздігіне әсер ететін функцияларды орындаудан босатылады.
2022.29.12. № 174-VІІ ҚР Заңымен 54-1-баппен толықтырылды (2023 ж. 1 наурыздан бастап қолданысқа енгізілді)
54-1-бап. Азаматтық авиация саласындағы медициналық қамтамасыз ету
1. Авиация персоналына, сондай-ақ міндетті медициналық куәландыруға және медициналық қарап-тексеруге жататын адамдар санатына қойылатын азаматтық авиация саласындағы медициналық куәландыру, медициналық қарап-тексеру жөніндегі талаптар Халықаралық азаматтық авиация ұйымының (ИКАО) стандарттары мен ұсынылатын практикасы негізінде әзірленген және азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган бекіткен Қазақстан Республикасының азаматтық авиациясындағы медициналық куәландыру және қарап-тексеру қағидаларында белгіленеді.
2. Авиация персоналын медициналық куәландыруды авиациялық медициналық орталықтарда азаматтық авиация саласындағы уәкілетті ұйым сертификаттаған авиациялық медициналық сарапшылар жүргізеді. Жеңіл және аса жеңіл авиация пилоттарын медициналық куәландыруды авиациялық медициналық сарапшы жүргізе алады, оған қойылатын талаптар азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган бекітетін авиациялық медициналық сарапшыларды тағайындау қағидаларында белгіленеді.
Авиациялық медициналық сарапшылар медициналық куәландыру жөніндегі талаптарды бұзғаны үшін жауаптылықта болады.
Авиациялық медициналық орталықтарға қойылатын сертификаттау талаптарын бұзушылық анықталған жағдайда азаматтық авиация саласындағы уәкілетті ұйым:
1) авиациялық медициналық орталық сертификатының иесінен осы Заңның 16-3-бабына сәйкес түзету іс-қимылдарының жоспарын ұсынуды және оны орындауды талап етеді;
2) егер түзету іс-қимылдарының жоспарында келісілген мерзімдерде сертификаттау талаптарын бұзушылық жойылмаса, авиациялық медициналық орталықтың осындай сертификатының (немесе сертификатта көрсетілген қызметтің рұқсат етілген түрлерінің (кіші түрлерінің) қолданылу аясын толық не ішінара тоқтата тұрады;
3) авиациялық медициналық орталық сертификатын, егер оның қолданылуы тоқтатыла тұрған күннен бастап бір жыл ішінде сертификаттау талаптарын бұзушылық жойылмаса, кері қайтарып алады.
Авиациялық медициналық орталық сертификатының қолданылуына авиациялық медициналық орталықтарды сертификаттау қағидаларына сәйкес оның иесінің өтініші бойынша да толық не ішінара шектеу қойылуы мүмкін.
Авиациялық медициналық сарапшыларға қойылатын сертификаттау талаптарын бұзушылық анықталған жағдайда азаматтық авиация саласындағы уәкілетті ұйым:
1) авиациялық медициналық сарапшыларға қойылатын сертификаттау талаптарын бұзушылықтар жойылғанға дейін үш айға дейінгі мерзімге авиациялық медициналық сарапшының осындай сертификатының (немесе сертификатта көрсетілген қызметтің рұқсат етілген түрлерінің (кіші түрлерінің) қолданылуы аясын толық не ішінара тоқтата тұрады;
2) авиациялық медициналық сарапшы сертификатын, егер оның қолданылуы тоқтатыла тұрған күннен бастап үш ай ішінде сертификаттау талаптарын бұзушылық жойылмаса, кері қайтарып алады.
Авиациялық медициналық сарапшы сертификатының қолданылуы:
1) медициналық куәландыру және сертификаттау талаптары бөлігінде Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптары бұзылған;
2) авиациялық медициналық сарапшы сертификатының иесі өтінішті үш айдан аспайтын мерзімге берген жағдайларда тоқтатыла тұрады.
Авиациялық медициналық сарапшының сертификаты:
1) авиациялық медициналық сарапшы сертификатының қолданылуы тоқтатыла тұрған күннен бастап үш ай ішінде сәйкессіздік жойылмаған;
2) авиациялық медициналық сарапшы сертификатының иесі өтініш берген жағдайларда кері қайтарып алынады.
Авиациялық медициналық сарапшы сертификатын тоқтата тұру және кері қайтарып алу тәртібі авиациялық медициналық сарапшыларды тағайындау қағидаларында айқындалады.
Авиациялық медициналық сарапшы сертификатының қолданылуына авиациялық медициналық сарапшыларды тағайындау қағидаларына сәйкес оның иесінің өтініші бойынша да толық не ішінара шектеу қойылуы мүмкін.
Авиациялық медициналық сарапшыға қатысты азаматтық авиация саласындағы медициналық куәландыруға қойылатын талаптарды бұзушылық анықталған жағдайда азаматтық авиация саласындағы уәкілетті ұйым:
1) азаматтық авиация саласындағы медициналық куәландыруға қойылатын талаптарды бұзушылық анықталған кезде Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне сәйкес шаралар қабылдау үшін азаматтық авиация саласындағы уәкілетті органға материалдарды береді;
2) азаматтық авиация саласындағы медициналық куәландыруға қойылатын талаптарды бұзушылық әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталап жасалған кезде Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне сәйкес шаралар қабылдау үшін азаматтық авиация саласындағы уәкілетті органға материалдарды қайта береді және авиациялық медициналық сарапшы сертификатын кері қайтарып алады.
3. Медициналық куәландырудан өту кезінде медициналық куәландырудан өтуге өтініш беруші авиациялық медициналық сарапшыға өзіне белгілі және ұшуды орындау үшін қауіп төндіретін ауруларының бар екені туралы ақпаратты хабарлауға міндетті.
Денсаулық жағдайына қойылатын талаптарға сай келмеген жағдайда медициналық сертификат, егер мынадай шарттар сақталса:
1) сараптамалық медициналық қорытындыда өтініш берушінің қандай да бір талапқа сай келмеуі ұшу қауіпсіздігіне қатер төндірмейтіні көрсетілсе;
2) өтініш берушінің тиісті қабілеттері, біліктілігі мен тәжірибесі, сондай-ақ оның жұмыс істеу жағдайлары тиісті түрде ескерілсе;
3) куәлікте арнайы шектеу немесе шектеулер туралы белгі қойылса, беріледі немесе қайта жаңартылады.
Әуе кемелерінің ұшуын орындаумен және қамтамасыз етумен, әуе қозғалысына қызмет көрсетумен тікелей байланысты адамның медициналық куәландырудан өту кезінде өзіне белгілі және ұшуды орындау үшін қауіп төндіретін ауруларының бар екені туралы ақпаратты жасыруы анықталған жағдайда, азаматтық авиация саласындағы уәкілетті ұйым:
1) Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне сәйкес шаралар қабылдау үшін азаматтық авиация саласындағы уәкілетті органға материалдарды береді және бұзушылықтар жойылғанға дейін авиация персоналы куәлігінің қолданылуын тоқтата тұрады;
2) әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде бұзушылық қайталап жасалған кезде Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне сәйкес шаралар қабылдау үшін азаматтық авиация саласындағы уәкілетті органға материалдарды қайта береді және авиация персоналы куәлігін кері қайтарып алады.
55-бап. Шет мемлекеттің авиация персоналының куәлiгiн тану
2019.19.04. № 249-VІ ҚР Заңымен (2019 ж. 1 тамыздан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара); 2022.29.12. № 174-VІІ ҚР Заңымен (2023 ж. 1 наурыздан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара) 1-тармақ өзгертілді
1. Шет мемлекеттер берген авиация персоналының куәлiктерi осындай куәлiктердiң берiлуiне қойылатын талаптар Халықаралық азаматтық авиация ұйымы (ИКАО) белгiлеген стандарттарға сай болған жағдайда Қазақстан Республикасында жарамды деп танылады.
Шет мемлекет Қазақстан Республикасының азаматына берген авиация персоналының куәлiгін не Қазақстан Республикасына келген шетел азаматының авиация персоналы куәлігін тануды азаматтық авиация саласындағы уәкілетті ұйым тиісті куәлік бере отырып жүзеге асырады.
2. Шет мемлекеттер берген авиация персоналының куәліктерін тану тәртібі мен шарттарын азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган белгілейді.
2013.04.07. № 132-V ҚР Заңымен 56-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
56-бап. Әуе кемесiнiң экипажы
1. Азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган немесе мемлекеттік авиация саласындағы уәкілетті орган белгiлеген тәртiппен ұшуды орындау бойынша әуе кемесін басқару және оған қызмет көрсету жөнiндегі белгiлi бір мiндеттердi атқару тапсырылған авиация персоналының адамдары әуе кемесiнiң экипажы болып табылады.
Азаматтық әуе кемесінің экипажы кабина экипажын қоса алғанда, ұшу экипажынан және ұшу экипажынан басқа экипаждан тұрады.
Осы Заңның 54-бабына сәйкес берілген авиация персоналының қолданыстағы куәлігі немесе шет мемлекет берген және осы Заңның 55-бабына сәйкес танылған авиация персоналының куәлігі болған кезде, адам Қазақстан Республикасы пайдаланушысының азаматтық әуе кемесінің ұшу экипажының және ұшу экипажынан басқа экипаждың құрамына кіретін пилот, бортинженер (бортмеханик), штурман немесе бортрадист лауазымын атқарады.
2. Әуе кемесінің ұшу экипажының ең аз құрамын әуе кемесінің үлгісі мен қызметіне, пайдалану мақсаттары мен талаптарына қарай оны жасаушы айқындайды және ол әрбір үлгідегі әуе кемесін ұшуға пайдалану жөніндегі құжаттарда көрсетіледі.
3. Эксперименттік әуе кемесіне сынақ жүргізу кезеңіне ұшу экипажының ең аз құрамын осы әуе кемесін жасаушы айқындайды.
4. Ұшу экипажының құрамы толық болмаса әуе кемесінің ұшуына жол берілмейді.
2017.10.05. № 64-VI ҚР Заңымен 5-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
5. Экипаждың әрбір мүшесінің, егер:
1) өзін шаршаңқы сезінсе немесе ауруының, жарақатының немесе басқа да жағдайлардың салдарынан өзінің дене немесе психикалық жай-күйі міндеттерін талап етілетін стандарттарға сәйкес орындауына мүмкіндік бермейтінін білсе;
2) өзінің даярлық деңгейі ұшуды қауіпсіз орындау талаптарына сәйкес келмесе, ұшудың сәтті аяқталуына қаупі болғандықтан, ұшуға тапсырманы орындаудан бас тартуға құқығы бар.
2017.10.05. № 64-VI ҚР Заңымен 5-1-тармақпен толықтырылды
5-1. Экипаж мүшелері:
1) демалу және тамақ ішу үшін жасалған жағдайлар мен мүмкіндіктерді пайдалануға, сондай-ақ өзінің демалыс уақытын күшін толық қалпына келтіруді қамтамасыз ететіндей етіп жоспарлауға және өткізуге;
2) өздеріне куәліктермен және тиісті біліктілік белгілерімен берілетін құқықтарды қауіпсіз және тиісті түрде жүзеге асыруына қабілетсіз етуі мүмкін кез келген психикалық белсенді заттардың әсерінде болған кезде бұл құқықтарды жүзеге асырмауға;
3) психикалық белсенді заттарды қабылдау тәуекелімен байланысты қандай да бір әрекеттерді жүзеге асырмауға міндетті.
6. Қазақстан Республикасының азаматтық әуе кемесінің кабина экипажының мүшелері жолаушыларға қызмет көрсетуде қазақ тілін еркін меңгеруге міндетті.
2013.04.07. № 132-V ҚР Заңымен 57-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
57-бап. Әуе кемесiнiң командирi
2017.10.05. № 64-VI ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
1. Белгiленген тәртiппен тиісті оқытудан өткен, пилот куәлігі және осы үлгiдегi әуе кемесiн дербес басқару құқығына рұқсаты бар адам әуе кемесiнiң командирi бола алады.
Әрбір жекелеген ұшу үшін әуе кемесінің командирін әуе кемесін пайдаланушы немесе жалпы мақсаттағы авиация жағдайында әуе кемесінің иесі тағайындайды.
2017.10.05. № 64-VI ҚР Заңымен 1-1-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
1-1. Азаматтық авиацияның әуе кемесінің командирі болып коммерциялық авиациядағы ұшу тапсырмасына немесе жалпы мақсаттағы авиацияның осыған ұқсас құжатына сәйкес өзіне ұшудың (ұшулардың) қауіпсіз аяқталу жауапкершілігі жүктелген, белгілі бір типтегі әуе кемесін өзі дербес басқаруға рұқсаты бар пилот тағайындалады.
2. Әуе кемесiнiң командирi әуе кемесін басқаруды жүзеге асырғандығына немесе жүзеге асырмағандығына қарамастан, әуе кемесінің ұшуы мен оны пайдалану қағидаларының, әуе кемесiнде тәртiп пен реттiлiктiң, әуе кемесiндегі мінез-құлық ережесінің сақталуын қамтамасыз етеді, сондай-ақ борттағы адамдардың қауіпсіздігін, әуе кемесінің, жүк пен мүліктің сақталуын қамтамасыз ету жөнінде шаралар қабылдайды.
3. Әуе кемесі командирінің өкімдері әуе кемесінің бортындағы барлық адамдардың орындауы үшін міндетті.
4. Әуе кемесінің командирі әуе кемесінің бортындағы барлық адамнан ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз етуге байланысты қағидаларды сөзсіз орындауын талап етеді, сондай-ақ әуе кемесінің бортындағы кез келген адамға өз құзыреті шегінде тиісті өкім етеді.
1) әуе кемесінің ұшып көтерілуі, ұшуы және қонуы туралы, сондай-ақ авиациялық оқиғаны болғызбау мақсатында ұшуды тоқтату және әуеайлаққа оралу туралы немесе әуе кемесінің ұшу қауіпсіздігіне анық қатер төнген жағдайда мәжбүрлі түрде қону туралы түпкілікті шешімдер қабылдауға құқығы бар. Осындай шешімдер ұшу жоспарынан, әуе қозғалысына қызмет көрсететін (әуе қозғалысын басқаратын) тиісті органның нұсқауларынан тыс және мүмкіндігінше, белгіленген ұшу қағидаларына сәйкес қабылдануы мүмкін;
2) әуе кемесінің ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында әуе кемесінің бортындағы адамға өкім етуге және олардың орындалуын талап етуге;
2017.10.05. № 64-VI ҚР Заңымен 3) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
3) мынадай:
өздерінің әрекеттерімен ұшу қауіпсіздігіне тікелей қатер төндіретін;
азаматтық авиация саласындағы уәкілетті орган бекітетін әуе кемесінің бортында мінез-құлық қағидаларын бұзатын, оның өкіміне бағынудан бас тартатын адамдарға қатысты барлық қажетті шараларды, оның ішінде мәжбүрлеу шараларын қолдануға;
2017.10.05. № 64-VI ҚР Заңымен 4) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
4) ұшуды орындау кезінде қауіпсіздікке қатер төндіргені және (немесе) әуе кемесінің бортында мінез-құлық қағидаларын бұзғаны туралы тиісті актіні ресімдеуге;
2017.10.05. № 64-VI ҚР Заңымен 5) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
5) әуе кемесі жақын арадағы әуеайлаққа келгенде ұшу қауіпсіздігіне және әуе кемесінің бортында мінез-құлық тәртібін ұстауға әсер ететін себептер бойынша кез келген экипаж мүшесін немесе жолаушыны әуе кемесінен түсіруге және оны құқық қорғау органдарына беруге;
6) егер бұл әуе кемесінің ұшу және оны қондыру қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қажет болса, ұшу кезінде отынды төгу, багажды, жүкті және почта жөнелтілімдерін лақтыру туралы шешім қабылдауға;
2017.10.05. № 64-VI ҚР Заңымен 7) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
7) тиісті авиациялық қауіпсіздік қызметтері болмаған кезде жолаушыларды, қол жүгін, багажды және жүкті ұшу алдында жете тексеру жүргізуді қамтамасыз етуге;
8) әуе кемесінің ұшуды қауіпсіз аяқтауын қамтамасыз ету жөніндегі өзге де қажетті шараларды қабылдауға құқығы бар.
6. Апатқа ұшырау жағдайындағы немесе апатқа ұшыраған адамдар туралы ұшу барысында ақпарат алған әуе кемесінің командирі, бұл туралы әуе қозғалысына қызмет көрсететін (әуе қозғалысын басқаратын) тиісті органға хабарлауға, егер бұл осы әуе кемесінің, жолаушылар мен экипаждың ұшу қауіпсіздігіне қатер төндірмейтін болса, мүмкіндігінше көмек көрсетуге міндетті.
2017.10.05. № 64-VI ҚР Заңымен 7-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
7. Авиациялық оқиға болған жағдайда әуе кемесінің командирі өз өкілеттіктерін іздестіру және құтқару қызметтері өкілдеріне бергенге дейін әуе кемесінің бортындағы адамдардың іс-қимылдарына басшылық жасайды.
8. Әуе кемесінің командирі шұғыл медициналық көмекті талап ететін науқас адамдар, сондай-ақ жұқпалы аурулары бар немесе тамақтан уланған деп күдіктенген адамдар анықталған жағдайда бұл туралы алғаш қонатын әуежай қызметтеріне хабарлауға міндетті.
2017.10.05. № 64-VI ҚР Заңымен 9-тармақпен толықтырылды
9. Әуе кемесінің командирі:
1) есіктер жабылғаннан кейін әуе кемесінің бортындағы барлық экипаж мүшелерінің, жолаушылардың және жүктің қауіпсіздігіне;
2) әуе кемесін басқаруға және ұшақ ұшып көтерілу мақсатында қозғалуға дайын болған кезден бастап ұшу аяқталғаннан кейін ол толық тоқтатылған кезге немесе негізгі қозғалтқыш қондырғы ретінде пайдаланылған қозғалтқыш (қозғалтқыштар) ажыратылғанға дейін оның қауіпсіздігіне;
3) ұшуға дейінгі, ұшу уақытындағы және ұшудың барлық кезеңдерінен кейін, сондай-ақ авариялық жағдайда ұшу экипаждары қолданатын бақылау карталары жүйесінің сақталуына;
4) ұшу аяқталғаннан кейін пайдаланушыға әуе кемесіндегі барлық белгілі болған немесе күмән тудыратын ақаулар туралы хабарлауға;
5) борт журналын жүргізуге немесе бас декларацияны жасауға жауапты болады.
2022.29.12. № 174-VІІ ҚР Заңымен 58-бап жаңа редакцияда (2023 ж. 1 наурыздан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)
58-бап. Авиация ұйымдарының ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз етуге жауапты басшы қызметкерлері
1. Ұшу қызметінің басшысы, ұшу қауіпсіздігі жөніндегі инспекция басшысы, ұшуға жарамдылығын ұстап тұру жөніндегі басшы, авиациялық техникаға техникалық қызмет көрсету және оны жөндеу басшысы, сапаны бақылау қызметінің басшысы (жеңіл және аса жеңіл авиацияны қоспағанда) азаматтық және эксперименттік авиация ұйымдарының ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз етуге жауапты басшы қызметкерлері деп танылады.
Азаматтық авиация ұйымдарының басшы қызметкерлеріне қойылатын біліктілік талаптары азаматтық әуе кемелерін пайдаланушыларға және авиациялық техникаға техникалық қызмет көрсету және оны жөндеу жөніндегі ұйымдарға қойылатын сертификаттау талаптарында белгіленеді.
2. Ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз етуді ұйымдастыруға дербес жауапкершілік пайдаланушының және азаматтық авиация ұйымының бірінші басшысына жүктеледі.
Пайдаланушының бірінші басшысы лауазымына кандидаттың Қазақстан Республикасының Еңбек кодексіне сәйкес құжатпен расталатын, азаматтық авиация саласындағы басшы лауазымдарда кемінде 3 жыл (немесе тағайындалған күннен бастап үш ай ішінде ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі курсты кейіннен өту шартымен басқа салалардағы басшы лауазымдарда кемінде 5 жыл) жұмыс тәжірибесі болуға тиіс.
59-бап. Тұлғаларға азаматтық әуе кемелерін пайдалануға рұқсат беру
1. Азаматтық әуе кемелерін пайдалануға рұқсат етілген Қазақстан Республикасының жеке және заңды тұлғалары:
1) сертификаттаудан өткеннен кейін және пайдаланушы сертификатын алғаннан кейін коммерциялық әуе тасымалдарын орындайтын пайдаланушы;
2) сертификаттаудан өткеннен кейін және аваиациялық жұмыстарды орындауға арналған куәлікті алғаннан кейін авиациялық жұмыстарды орындайтын пайдаланушы;
3) жалпы мақсаттағы авиацияны пайдаланушы болуы мүмкін.
2017.10.05. № 64-VI ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2. Халықаралық коммерциялық әуе тасымалдарын жүзеге асыратын пайдаланушылар және халықаралық ұшуды орындауға жіберілген жалпы мақсаттағы авиацияның ауыр немесе турбореактивті ұшақтарын пайдаланушылар азаматтық әуе кемелерін пайдаланушылардың ұшу қауіпсіздігін басқару жөніндегі үлгілік нұсқаулыққа сәйкес орындалатын ұшудың көлемі мен күрделілігіне қарай ұшу қауіпсіздігін басқару жүйесін енгізуге міндетті.
2022.29.12. № 174-VІІ ҚР Заңымен 3-тармақпен толықтырылды (2023 ж. 1 наурыздан бастап қолданысқа енгізілді)
3. Пайдаланушы ұшуды қауіпсіз жүргізуге және Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы Қазақстан Республикасы заңнамасы талаптарының сақталуына жауапты болады.
2013.04.07. № 132-V ҚР Заңымен 60-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
60-бап. Азаматтық әуе кемелерін пайдаланушыларды сертификаттау
2017.10.05. № 64-VI ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2019.19.04. № 249-VІ ҚР Заңымен (2019 ж. 1 тамыздан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара); 2022.29.12. № 174-VІІ ҚР Заңымен (2023 ж. 1 наурыздан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара) 1-тармақ өзгертілді
1. Пайдаланушының сертификатын және (немесе) авиациялық жұмыстарды орындауға арналған куәлікті алу үшін өтініш беруші азаматтық авиация саласындағы уәкілетті ұйымға азаматтық әуе кемелерін пайдаланушыны сертификаттау және оған сертификат беру қағидаларына және (немесе) пайдаланушыны авиациялық жұмыстарға жіберу қағидаларына сәйкес сертификаттау талаптары мен сертификаттау шарттарына сәйкестікті растайтын құжаттармен қоса белгіленген нысандағы өтінімді жібереді.
Пайдаланушы сертификатын немесе авиациялық жұмыстарды орындауға арналған куәлікті алу үшін өтініш беруші азаматтық авиация саласындағы уәкілетті ұйымға өзінде сертификатталған әуе кемелері, даярланған персоналы, құжаттамасы, әуе кемелерін ұшуға, техникалық пайдалануға және ұшуды орындауды қамтамасыз етуге қажетті жабдықтары, ғимараттары, құрылыстары бар екенін, сондай-ақ Қазақстан Республикасының міндетті сақтандыру түрлері туралы заңдарына сәйкес міндетті сақтандыруды жүзеге асыратынын көрсетуге тиіс.
Пайдаланушы өзінің әуе кемелері бақыланбайтын әуе кеңістігінде ұшқан кезде авариялық хабар беру үшін жауаптылықта болады.
Бастапқы сертификаттау кезінде өтініш беруші жоспарланған қызметті жүзеге асыру және ұшу қауіпсіздігі мен авиациялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін авиация персоналын кәсіптік даярлауға, әуе кемелерінің ұшуға жарамдылығын ұстап тұруға, жабдықтар, құралдар сатып алуға, еңбекақы қорына қаржы ресурстарын бөлуді және өзге де шығыстарды қамтитын қызметтің толық қаржылық-экономикалық жоспарын ұсынады. Қызметтің қаржылық-экономикалық жоспарын пайдаланушы сертификатын алуға үміткер заңды тұлғаның меншік иесі (қатысушылары, акционерлері) бекітеді. Жеткілікті қаржы ресурстарының болуы өтініш берушінің банктік шотынан соңғы үш айдағы тиісті үзінді көшірмемен расталады.
2017.10.05. № 64-VI ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2. Пайдаланушының сертификатында және (немесе) авиациялық жұмыстарды орындауға арналған куәлікте белгіленген пайдалану талаптары мен шектеулерді пайдаланушының бұзуына тыйым салынады. Нақ сол әуе кемесінің екі және одан да көп пайдаланушының сертификаттарында және (немесе) авиациялық жұмыстарды орындауға арналған куәліктерінде болуына жол берілмейді.
Пайдаланушының қолданыстағы сертификатынсыз және (немесе) авиациялық жұмыстарды орындауға арналған куәліксіз әуе кемелерін пайдалануға тыйым салынады.
3. Пайдаланушының сертификатын және (немесе) авиациялық жұмыстарды орындауға арналған куәлікті басқа адамға беруге болмайды.
2017.10.05. № 64-VI ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2019.19.04. № 249-VІ ҚР Заңымен (2019 ж. 1 тамыздан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара) 4-тармақ өзгертілді
4. Азаматтық авиация саласындағы уәкілетті ұйым осы Заңның 16-3-бабының ережелеріне сәйкес, сондай-ақ:
1) пайдаланушы сертификатталған талаптар мен шектеулерді сақтамаған;
2) Қазақстан Республикасының міндетті сақтандыру түрлері туралы заңнамасының талаптарына сәйкес сақтандыру қамтамасыз етілмеген;
3) инспекциялық тексеру кезінде, оның ішінде шет мемлекеттерде тексеру кезінде белгілі болған ұшу қауіпсіздігіне әсер ететін бұзушылықтар анықталған жағдайларда;
4) пайдаланушы жазбаша өтініш берген жағдайда пайдаланушы сертификатының және (немесе) авиациялық жұмыстарды орындауға арналған куәліктің қолданылуын тоқтата тұрады.
Азаматтық әуе кемелерін пайдаланушы сертификатының және (немесе) авиациялық жұмыстарды орындауға арналған куәліктің қолданылуын тоқтата тұру тәртібі тиісінше Азаматтық әуе кемелерін пайдаланушыны сертификаттау және сертификат беру қағидаларында және Пайдаланушыны авиациялық жұмыстарға жіберу қағидаларында айқындалады.